АҚЫН АЙТОТЫ
Өзбекстанның Үшқұдық ауданы Құлқұдық ауылында Тауелібай жұртына танымал ақын Айтоты Башарова тұрды. Түскен жері Шөмекейдің Аспанының Кедей руы. Ауылдың ойын-тойлары ол кісінің жырларынсыз өтпейтін. Көптеген жаңа түскен келіндердің тойларында насихатты, ғибратты мол жырларымен өсиет айта, бетін ашушы еді. Арасында кей кісілердің қылықтарын сықақтап, елді күлкіге де қарық қылатын. Біз бала кезімізден ол кісінің табан аузы тауып айтқан, тапқырлықпен талай кісілерді бір ауыз сөзбен шеней салған жыр шумақтарын есітіп, тыңдап өстік. Өлеңдері ауыздан, ауызға тарап, аңыздай әңгіме етуші еді жұрт.
Бірде жасы жеткен әжеміз қатты ауырып, төсек тартып жатып қалған екен. Балалары қарап, күтіп жағдайын жасап жатыпты. Ал қызы Маржан апайдың күйеуі шопан, сондықтан орталыққа өте сирек келеді. Шешесінің қалін білуге жер шалғай, қатынас сирек және малдан қолы босамай, біраз уақыт өткен соң келген екен. Келген соң анасының жанында екі-үш күн болып, бас-аяғына қарап, жуындырып, шаштарын тарап, жұмсақ болу үшін, төсегінің астына шағыл құм төсетіп, жағдайын жасайды. Анасын көріп, сағынышы басылған соң, бір күні таңертең анасының жағдайы тәуірлеу болғасын, көптен орталыққа келмеген Маржан апай құтты болсын айтар, өлген кісілердің отбасына көңіл айтар жерлерге баруға ауыл аралап кетеді. Ол кісі үй аралап жүргенде әжеміз о дүниелік болып кетіпті. Тез арада көршілер, әжемнің балалары, ағайындар жиналып қалады. Абысыны қайтыс болғанын есітіп Айтоты апайда сол үйге барады, көрісіп, жылап-сықтап болған соң қараса қайынсіңілісі боп келетін, сол үйдің үлкені Маржан апай көрінбегесін:
- Дәу қыз қайда кеткен, - деп сұраса,
- Қыдырып кетті, - депті қасындағылар.
Кішкенеден кейін Маржан апай; - ОЙ,АПА, ОЙБОООЙ! - деп дауыс салып келе жатса, абысынын іздеп, әрі қайынсіңілсіне көрісіп,
үйде отырған Айтоты ақын:
ҚҰМ ӘКЕП ТӨСЕП, АСТЫНА,
ҚЫЗМЕТ ҚЫЛДЫҢ КЕШЕДЕН.
ҚАҢҒЫРЫП КЕТІП, ҚАТЫН-АУ,
НЕ ТАУЫП КЕЛДІҢ КӨШЕДЕН?!
АЙРЫЛДЫҢ, ОЙБАЙ, ШЕШЕДЕН!
деп, өлеңдетіп қарсы алған екен.
О.Оразов