Error get alias
Ауыл тарихы
Құлқұдық тарихы

ЕЛ ТАРИХЫНАН

1930-жылдан қолхоздастыру науқаны басталған. Тамды ауданында әуелі «серіктік» ұйымдастырылған.

1931 жылдан бірнеше серіктікті біріктіріп колхозға айналдырған. Тамды ауданында көптеген майда колхоздар ұйымдастырылған.

Тамды ауданы тек мал шаруашылығымен айналысқан. Төрткул округіндегі Тамды ауданында округтегі малдың 83% ті болған.

1931 жылы 8-ші Ауылда ұйымдасқан Октябрь колхозында 1500 қой, 500 түйе, 60 жылқы болған. Елде мал басы бұдан әлдеқайда көп болған. Бірақ малы барлар (байлар) малының есебін жасырып толық көрсетпеген. Октябрь колхозының алғашқы басқармасы Абылайұлы Досымбай (Кедей) атамыз болған. 1931 жылы қазан айында Мелісайда «1-май» колхозы ұйымдастырылған. Колхозға 33-қожалық біріктірілген. Тамдыдан Қарақалпақ учаскасынан 5-мың қой әкелініп 1-май колхозына берілген. 1-май колхозының Басқармасы Айтуғанов Ералы (Тама) атамыз болған. Сонымен бірге «Жастар» колхозы да ұйымдастырылған. «Жастар» колхозының басқармасы Құрымбаев Елеусін деген кісі болған. «Жастар» колхозында 3-мың қазақы қой болған. «Октябрь» колхозында каракөл қойы болған. Колхоздың алғашқы шопандары: Махамбетов Тұратбай, Қилыбаев Қорғанбай, Текебаев Алмағанбет, Ембергенов Баймурат, т.б кісілер.

1931-1932 жылғы Конфискацияда 8 ауылдан 32 кісі бай есебінде конфискаға ілінеді.

1934 жылы ТОЗ (Товарическая Обработка Земель) болады. Біраз малды егелеріне қайтарып береді. Колхоздың есебінде 566-қой ешкі, 45 бас түйе, 16 жылқы, қалады. Қолхоздың басқармасы Сейтназаров Бердіқабыл (Қожа) атамыз болады

1935 жылы 19 желтоқсанда Мәскеуде Кремль сарайында Совет өкіметінің басшылары М.И.Калининнің басшылығында Қазақстанның, Өзбекстанның, Қарақалпақстанның озат ауыл шаруашылық мамандарын қабылдайды оған 1-май колхозынан Үдербай Берсүгіров, Сарсенбай (Тама) т.б озат шопандар барып қатынасқан.

1932 жылы Тамды ауданында 37 колхоз 1 совхоз болып оларда 26500 қой, 3600 ешкі 4678 түйе, 443 жылқы болған. Ал 1940 жылы Тамды ауданында 182900 қой, 40200 ешкі, 10148 түйе, 1953 жылқы, 206 сйыр болған.

1935 жылы тамыз айында Төрткүлде Медицина рабфакы және фельдшерлік мектептер ұйымдастырылған. Осы оқудың алғашқы түлектері Қосбармақов Қосаман (Есім) Құлқұдықтан, Тәжібаев Ібраш (Айтқожа) Мыңбұлақтан т.б кісілер.

1928-1929 жылдан бастап Қарақалпақстанда үлкен адамдар арасында сауатсыздықты жою пункттері ұйымдастырылады. (Ликбез-Ликвидация безграмотности) 1928-1929 жылдары Қарақалпақстандағы Ликбез пункттерді алғашқы болып оқып білім алғандар арасында: Бақтыбаев Абдіжан, Боранбаев Матжұма, Есқабылов Ешмұрат, Амадықов Қани, т.б кісілер болған. Бұл кісілер кейін Төрткүлдегі техникумда оқыған.

1938-1939 жылдары Финляндия соғысына (Фин соғысына) ауылдан Күзеров Пайдалы (жәнтін), Төребаев Тұрман (Шобдар), Дүйсенов Ібраш (Есентемір) алынып содан хабарсыз кеткен. Ал Абдіраман ұлы Нұршаддин (қожа) атамыз 1938-1939 жылдары Фин соғысына қатынасып одан кейін 1941-1945 жылдары Ұлы отан соғысына қатынасып 1946 жылы ауылға келген. Одан кейін ол кісі Украйнаның Чернигов қаласында жасап 1971 жылы Ұшқұдық қаласына келіп Нажмаддинов Тобаш (қожа) ағамен бірге жасаған.1975 жылы қайтыс болған. Ол кісіден 1 ұл 2 қыз бар.

1942 жылы Тамды ауданынан 500 ер азаматтар отанды қорғауға Ұлы Отан соғысына аттанады. Ел ауыр жағдайда қалады. Қартайған кемпір шал бұғанасы қатпаған балдар мен қыздар енді ғана үйленіп үй болған жас келіншектер жылап еңіреп ауылда қалады.

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына Тамды ауданынан 2150 ер азаматтар аттанған солардың 65-70% елге қайтып оралмаған.

Назарбеков Абат

ТАУЕЛІБАЙ ТАРИХЫНАН

Осыдан 73 жыл бұрын 1935 жылы түсірілген, ел тарихынан сыр шертер фото. Қазіргі Тауелібай жерінің Науай облысы (бұрынғы Бұқара облысы Тамды ауданы) Үшқұдық ауданы Құлқұдық ауылы териториясында Кеңес үкіметі ең алғаш колхоздастыру науханы жүрген кезде 1 Май, Октябрь атты екі колхоз ұйымдастырылған. Осы Октябрь колхозының алғашқы басқармаларының бірі Бердіқабыл Сейітназаров сайланған.

Суретте: Октябрь колхозының алғашқы басқармаларының бірі Бердіқабыл Сейітназарұлы және колхоздың озат малшылары, еңбекшілері мен белсенді мүшелері.

ФОТОДА

1. Отырғандар: Қосназар Демеснов, Дәлібек əже, Зүлфия Жамантаева, Пайдалы Күзеров, Бердіқабыл Сейітназаров, Мәтжұма Боранбаев, Шағай Ермекбаев, Жамила Ембергенова, Жұбан мұғалім.

2. жатқан кісі: Жұбанмұрат Тілеубергенов.

3. түрегеліп тұрғандар: Лепесбай Жүрманов, Тұратбай Маханбетов, Баймұрат Ембергенов, Мұратбай Маханбетов

1935 жыл.

( фото Шүкірбай Ақназаровтың отбасылық альбомынан. Үшқұдық ауданы газетінде жарияланған)

О.Оразов

2018 ж

ТУҒАН ӨЛКЕ ТАРИХЫНАН КЕЙБІР МӘЛІМЕТТЕР

Құлқұдыққа алғашқы мекендеушілердің бірі Қият руынан Дауылбай деген кісінің Қарабура, Қарабатыр т. б. деген балдары болған. Қарабатыр, Қарабура батыр болған. Дәуітбай (Шобдар) батыр, Қазанат-- Сауытбай (Әлімбет балқы) батырлармен үзінгілес болып, Қоқандық қоңыраттардың, Түрікпендердің шапқыншылығына қарсы күрескен. Осы ортамен өткен Ресей, Бұхара керуендерін, тонаушы шапқыншылардан қорғап, оларға жол көрсетіп отырған. Қарабатыр кейін Амудария Отделінің бастығына барып, осы жермен өткен керуенді, тонаушылардан қорғап жәрдемдескенін, орыстармен жақсы қарым-қатыныста болғанын айтып, Құлқұдықтың айналасынан, Ерлер-Ата бұлағын Қарабатырдың жері деген анықтама қағаз алған.

Қарабатырдан--Ахмет. Ахметден-- Керімбай, Алғашбай, Абдірасыл, т. б.

Керімбайдан--Уәйіс. Қарабура, Қарабатырдың қабірлері Ерлер-Атада.

Қазанат-Сауытбай батыр елді Түрікпен тонаушыларынан қорғаған. 1876жылы кайтыс болған, Қақпатасқа жерленген.

1823жылы Бұхара Әмірі Бұхаралық Абилхаким бидің басқаруымен Бұхарадан Ресейге сауда керуенін жібереді. Осы керуеннің шыққанын есіткен Хиуа ханы Мұхаммад Рахым-1 керуенді тонау үшін қол астындағы түрікпен жасақтарын жібереді. Керуен қазіргі "Әбіләкім" төбелігіне келген кезде шабуыл жасайды. Керуен көп шығынға ұшырайды. Керуеннің қалған адамдарын Дәуітбай (Шобдар) және Қарабатыр, Қарабура (Қият) т. б. құтқарып, оларды Бұхараға жеткізеді. Сол төбе Бұхаралық саудагер Абилхаким бидің атымен "Әбіләкім" деп аталған.

1824жылы Орынбор губернаторы саудагер Е. Қайдаловтың басшылығында Бұхараға үлкен сауда керуінін жібереді. Керуенде күшті әскери күзет болады. Керуенде барлығы 1300-дей адам болған. Керуеннің шыққанын есіткен Хиуа ханы, керуенді тонауға түрікпендерден құралған өзінің жасағын жібереді. Жасақтың саны он екі мыңдай болған дейді. Керуен қазіргі "Бетегелі бес төбе" жеріне келгенде Хиуалық жасақтар керуенді қоршап, шабуыл жасаған. Керуен көп адамдарынан, мүліктерінен айырлып, үлкен шығынға ұшырап кері қайтқан. Кейін қоныстанған жаргілікті халықтар сол жерден тұтыну заттарын, маржан-моншақтар, т. б. заттардың қалдықтарын тапқан Бұл заттар сол тоналған керуеннің заттарының қалдықтары болған.

1840жылдары Алматұлы Самұраттың бабасы (Бозғұлдың Шобдар аталығынан) Киікбайұлы Тобаберген басшылығындағы керуен Бұхарадан азық-түлік алып келе жатып, Құлқұдықтан батысқа қарай созылып жатқан таудың етегіне келгенде түйелері жарамай, түйелері тыныққанша таудың етегіндегі бұлақтардан (Қарабұлақ, Құмбұлақ, Ыза) суғарып бір айдай мекендейді. Кейін Тобабергеннің атымен "Тауаберген тауы" деп аталған. Осы таудың таусылар етегінен Баймен (Байұлы Серкеш.) деген кісі құдық қазып Байменнің құдығы деп аталған.

Қызылқұмның қақ ортасымен Бұхараға өтетін үлкен ескі жол бар. Оны "Сауранбай жолы" дейді. Ақтабан шұбырынды жылдары Қожа Сауранбай деген кісі Кіші жүздің бір бөлігін Кулаб жаққа осы жолмен аман алып өткен деген әңгіме бар. Содан "Сауранбай жолы" деп аталған дейді.

Сыр бойынан Бұхараға сауда жасауда Боқантау--Ерлер-Ата--Жаманқұм--Қарақата--Бұхара керуен жолы өткен.

В. И. Витевский "Неплюев және Орынбор өлкесі" еңбегінде 1780-1790жылдары осы жолмен Бұхараға өткен керуен оқиғалары, сауда қатынастары туралы жаза келіп, Қарақатада ел барын, Алтынтау мен Карақата арасындағы сусыз құмды даладағы тақырларда құландар барын, киіктердің өріп жүргенін және Боқантау, Ерлер тауы арқылы өтудің қауіпті екенін, керуен тонаушылардың барын жазған. 1780жылы Ресейден Бұхараға жіберілген Мендияр Бекчурин (Мендіяр Бекшораев. татар) бастаған құпия экспедиция да осы керуен жолымен Ерлер- Ата бұлағы арқылы өткенін, бұлардан алдын Ерлер-Ата бұлағында қазақ керуенін түрікпендердің тонағанын жазған.

Қағаз бетіне түсірген:

Назарбеков Абат

Мәліметтер Іскендір Мәтжүсіпұлының "Киелі өлкем Қызылқұм" кітабынан алынды.

Аспан Айтқожа Тұрабайдың асы туралы

Бұл ас 1910 жылы жазда болады. Ол кезде жері тегіс, ағын су, киіз үй тігуге қолайлы деп Құлқұдықты таңдайды. Асқа 250 үй тігіледі. Бұл қазіргі Науайы облысы Үшқұдық ауданына қарасты Құлқұдық елді мекені.

Астың бірінші күні Көкпарының ошақ салымы.

Үшке дейін; үш түйе , үш ат, бес қой.

Ұлысының салымы; Үшке дейін сегіз

түйе, сегіз ат, он қой болды.

Тастамайға бір күміс теңгеден болған.

Ошақ бәйгеге қырық төрт ат қосылады.

Бірінші атқа бес түйе, бес ат, он қой.

Екінші атқа үш түйе, үш ат, бес қой.

Үшінші атқа екі түйе, екі ат, екі қой.

Онға дейін: бір түйе, бір ат, екі қой.

Онбес атқа дейін бір түйе, бір ат, екі қой берілген.

Ұлы бәйгеге 90 ат қосылады, аттарды 50 шақырымға жібереді. Айдаушы он бес адам

болған.

Бірінші атқа: алтын дәрменбелбау, жирма түйе, он бес ат, жүз қой, ақ кйізбен жабылған тоғыз қанат отау, кілем, түскйіз қазан ошақ, кесе шәйнек берілген.

Екінші атқа: жирма түйе, он ат, жирма қой,

Үшінші атқа: сегіз түйе, сегіз ат, онбес қой,

Төртінші атқа: алты түйе, алты ат, он қой,

Бесінші атқа: төрт түйе, төрт ат, сегіз қой,

Алтыншы атқа: үш түйе, үш ат, алты қой,

Жетінші атқа: екі түйе, екі ат, бес қой,

Сегізінші атқа: екі түйе, екі ат, төрт қой,

Тоғызыншы атқа: екі түйе бір ат,

Оныншы атқа: екі түйе, бес қой.

Жыраулар үшін: онбір жырау болған, бір ат

он қойдан берілген.

Балуандарға: бас балуанға үш түйе, үш ат,

бес қой берілген.

Асқа 250 киіз үй тігіледі. Айтқожалар жүз үй тігеді. Кедей Әлімбай елу үй. Сарыбай Құлым болыс жирма үй. Меңлік Айшуақ отыз үй. Бұғанай Ботабай жирма бес үй.

Жәнтін Мәнібек жирма бес үй тігеді. Астың

Құлқұдықта өтуін ұсынған Кедей Жансары баласы Әлімбай болған. Жері тегіс, ағын су, қонақтарға жайлы, үй тігуге қолайлы деп ұсыныс еткен.

Қожалардың батасын алуға: бір ат ер тұрманымен, бір түйе он қой берілген.

Балуан күресіне: Жетіру Тама Жалғау балуан мен Қарасақал Тәлімбай балуан Аспан аталығының атынан күрескен.

Тәлімбай Жалғауды жығып үш түйе, үш ат, онбес қой алады.Сонда Боқанбай Аспанның

атын шығарғаны үшін, мініп жүрген торжорғаны және бір түйе сауынға деп бергенде Аспанның шалдары жылап жіберген екен.

Бәйгеден бірінші ат Ерғара қожаның аты, екінші ат Аю Елеудің аты. үшінші ат Аю Байқадамның аты келеді. Қарақшыға жете алмай отыз ат жолда өлген. Өлген ат йелерінің әрқайсына бір түйе, бір ат мінгізген. Ұлы көкпарының бас салымына Әлімбет Байбосын мен Айтқожа Тілепбайдың Нарманы ұстасып шығады.

Байбосын Нарманнан тартып алады. Сол

кезде Нарманның інісі Пірман Байбосынды қуып жетіп, тартып алып бас салымды Пірман салып, сегіз түйе, сегіз ат, он қой

алады. Асқа Бұхара, Хорезм, Қарақалпақ,

Самарқанд, Жыззақ, Сыр бойы, Ақтөбе Ырғыз елдерін шақырады. Жыраулардан

Базар жырау жырлап бір түйе, екі ат, жирма қой алады. Астың өгіз өлдісін Әлімбет Балқы Әжмахан салып, бір өгіз алады.

Ас үйге үш күн, үш түн бес жігіттен бекітіледі. Асты өткеруге жирма тоғашы болған, қонақ күту үшін әрбір үйге екі қыз бала, екі келін бала қызмет етеді.

Бас тоғашылар: Тілеп, Әлімбай, Тоғанас, Жылқыбай болған.

Айтқожа Тұрабайдың асындағы Базар жыраудың Төрткүлдің болысы Құлым болысқа айтқаны.

Асқа келген Базар жырау Айтқожа Боқанбайдың үйінде жырлап отырғанда

Төрткүлдің болысы Құлым болыс кіріп келіп Базар жырауға сәлем береді. Құлым болыстың сәлемін алған Базар жырау Құлым болысқа былай деген екен.

Берейін десе құдайым,

Қас пен көздің арасы.

Ойда жоқ та айрылар ,

Жақсы мен жаман арасы.

Тұрабайға ас берді,

Үш Есімбеттің баласы.

Көрінбей кетті тозаңнан,

Құлқұдықтың даласы.

Таңырқатқан тамсантқан,

Дәрежесіне қарашы.

Үлгі аларлық іс болды,

Бәндәнің болса санасы.

Бүтін туған нар едің,

Тоқымбеттің "Сарбайы"

Алты Аспанның данасы.

Халқына болған қамқоршы,

Жел жағының панасы.

Ық жағының қаласы.

Сый құрметке бөленген,

Ағайынның арасы.

Айналайын Құлымжан,

Сәләмат сау жүрсінбе?

Төрткүлдің болыс ағасы.

Ойдағы менен Қырдағым,

Қуан менен Сырдағым,

Қуанып бүгін отырмын,

Есен сау басты қосыпты,

Алты Аспанның баласы.

деп Базар жырау өлеңді аяқтағанда

Құлым болыс қалтасынан жүз сом

суырып алып алдына тастайды. Ол

кезде жүз сом, төрт нардың құны екен.

Міне осындай Қазақтың дархан даласында,

Совет үкіметі орнағанға дейін, Байлығы мен

Мырзалығы шалқыған Шөмен ата ұрпақтары дүниеден дүрілдеп өткен.

Сойыстық малдан басқа.

Барлығы: 194 түйе, 192 ат, 545 қой бәйгеге

берілген!

Әруақтары риза болсын деп беріп отырмыз

Әумин!!!

Тұрғали Жұбандықұлының "ДӨЙІТ" Аспандар шежіресі кітабынан:

17- 19 беттер:

21/ 04/ 2019 жыл.

Төмендегі бұл мәліметтер Абат Назарбековтың қолжазба қорынан:

Айтқожа Тұрабайдың асында,

Ер Мағзаман әулетінен Дастан қожаның және Ер Сейтбенбет әулетінен

Мирашым қожаның берген баталары.

Балқы Базар жыраудың Құлым болыстың анасына айтқан толғау сөзі мен толықты.

Асты Қожалардың батасын алудан бастаған.

Аспанның қожасынан Мағзаман қожа әулетінен Дастан қожаның, Бозғылдың қожасынан ЕрСейтпенбет қожа әулетінен Мірәшім қожаның батасын алады дейді.

Дастан қожаның батасы:

Қожалар қазаққа жатпайды

Араптардың әулеті,

Бұл сөзіме ешкімнің жоқ таласы.

Әзіреті Әлішерінің ардақтаған баласы,

Әзірет--Әлидің зайыбы

патшаның қызы анасы.

Мұхаммед-Анафиядан тараған

Біз солардан ұрпағы, араптардың қожасы

Қожаларың Мағзаман

Алланың атымен қабыл болған,

Алты аспанға берген батасы.

Мол дәулетке мас болған

Үш Есімбет баласы.

Тоғымбеттен Тұрабай

Абырой, атақ, дәулетті,

Шынымен берген бір құдай.

Жастай кетті Тұрабай

Ақтың бұйрығына қарашы,

Орнында қалды тай-тұяқ,

Смайыл атты алты жасар баласы.

Өмір жасы ұзақ боп, қыдыр дарып бақ қонып,

Желеп-жебеп жүргейде

Сыйынған бір Алласы.

Аумин деп қол жайыңдар

Алты аспанның баласы

Бір Алланың атымен

Мұхаммед пайғамбардың атымен

Қабыл болғай деп тілеңдер

Қожаның осы бір берген батасы.

Аумин!

Мірәшім қожаның батасы:

Аспан--Бозғыл бір туған

Бозғылдың Аспан ағасы.

Аталығы Аспанның

Мол дәулетке мас болып,

Алтыннан болған жағасы.

Ауыз--бірлікті, ақкөңіл,

қабыл болған тобасы.

желеп-жебеп әруақты ерлер жүрушіед.

Тұрабайға таңдантып

Ас беріп жатыр бірігіп,

үш Есімбет баласы.

Тұрабайдың орнында

Шаңырағына ие боп

Тұлпардан тұяқ қалды ғой

Алты жасар жас өспірім баласы.

Бақ дәулет қонып басына

Бір құдай болсын панасы.

Аумин деп қол жайып

Мен батамды беремін

Смайыл атты балаға

Ерсейітпенбеттің ұрпағы

Бозғыл атаның Қожасы.

Аумин!

Сол Тұрабайдың асында жырлап отырған Базар жыраудың Құлым болыстың анасына айтқан арнау өлеңі.

--Үш күн ұдай шаң болды,

Құлқұдықтың сары даласы.

Мына сөзге құлақ сал,

Төбеттің Құлым баласы,

Азғана сөйлеп, көп тыңдар,

Жігіттің болса санасы.

Көп сөйлемей аз тыңдар,

Жігіттің болса данасы.

Азғана оттап, көп жусар,

Жылқының болса сарасы,

Екі көзі жалтылдап,

Сырғалы құлақ салпылдап,

Байқасаңдар жігіттер,

Отыр ғой анау көрініп,

Құлым болыстың анасы.

Екі беті қып-қызыл,

Нұры тамып жүзінен,

Ақылменен аңғарсам,

Сексенге келген шамасы,

Арғы атамыз Шөмекей

Аспан-Бозғыл бір туған,

Құлым болса інісі,

Базар оның ағасы.

Абат Назарбековтың қолжазба қорынан