БАҚА би АЙБЕКҰЛЫ (1827-1911) " Айбектің Батыр Бақасы
Шөменнің алтын сақасы.."
(Балқы Базар)
Талас немересі Әйбекұлы Бақа би Кіші жүз Шөмекей Аспан руының 28 жыл болысы болып, халыққа жағымды қызмет атқарған. Бақа би халықтың бірлігін, ағайынның татулығын сақтауда атқарған қызметтері ел аузында айтылып жүр.
Бақа би туралы кейбір деректерге тоқталып отырмын.
Бақа би 1827 жылы дүниеге келген. 1865 жылы 25 наурызда Сырдария қазақтарының басқарушысының көмекшісі сотник Кушиковтың қатынасуымен Аспан тайпасының болыс биі Манасұлы Жарылқаптың Хиуаға кетуіне байланысты, орнына Аспан тайпасының болыс биі болып сайланады.
Бақа Әйбекұлы орыс тілін жетік білген.
1875 жылы «Туркестанские ведмости» газетінің декабрь айындағы санында Аспан тайпасының болыс биі Бақа Әйбекұлының Түркістан генарал губернаторының бұйрығымен Алтын медальмен және иыққа ілетін Станислав лентасымен марапатталғаны жазылған.
1884 жылы Мәскеуде өткен Николай II-патшаның таққа отыру ресми тойына шақырылғаны және қатынасқаны айтылады.
Бұл ортадан Романовтар әулетінің тойына екі кісі шақырылған. Біріншісі 1884 жылы Бақа би болса, екіншісі Шобдар Алматұлы Самұрат.
1913 жылы Петерборда Романовтар әулетінің Ресей тағына отырғанына 300 жыл толу салтанатына Алматұлы Самұрат шақырылған және барып қатынасқан. Самұрат сонда Николай II-патшаның қолынан Алтын медаль алған.
Самұратпен бірге сол тойға Кедей Таспенұлы Рзақұл барған. Рзақұл кейін 17 жыл болыс болып ел басқарған.
Бақа би 1891 жылы Заңғар болысын басқарып тұрған кезде, Қазалы уезі бастығының кіші көмекшісі кейін Қазалы уезі бастығының көмекшісі болып тағайындалады. Кейін болыстықты баласы Абілтайға тапсырады.
Бақа бидің ресми атағы "Зауряд хорунжий".
1911 жылы мамыр айында дүниеден өтеді.
Бақа би болыс болып тұрған уақытта Ресей патшалығымен келісе отырып елге тұрақты жер алып беріп құдықтар қазылған.
Сырбойы халқының отырықшылыққа бейімделуіне атсалысқан.
Қуаңдария бойында Жаманшығанақ, Жырақұдық, Тағай, Сарыбұлақ, Еркебай, Таспен, Белтам, Ақтам, Қауымбет, Баймұрат, Мырзалы, Шарықты, Ащы Бозан, Тұщы Бозан, Боқан-Мерей құдықтары қазылып халықтың пайдалануына мүмкіндік тудырған.
Мәліметтер; Іскендір Мәтжүсіпұлының "Киелі өлкем Қызылқұм" кітабынан т. б. мәліметтерден алынды. Іскендір Мәтжүсіпұлының бұл кітабын жинақтап, баспадан шығарған Қызтуған Қорғанбайұлы.
Балқы Базар жыраудың Бақа би туралы айтқаны:
Бақадай би табылмас алты Аспанда,
Бай таққа пайда берер сырт асқанда.
Құтқарған қиындықтан талай жерде,
Сүрініп етегіне ер сасқанда.
Айтқұлдан бермен қарай билігіне,
Еш жан таласқан жоқ алты Аспанда.
Гүжімнің саясында сайрар бұлбұл,
Жайқалып жапырағы гүл шашқанда.
Көннен істеген етік жерде тұрып көмпиді,
Жаумай-ақ, аспанды шоғырланып бұлт басқанда.
* Бақа бидің руы - Шөмекей
* Патша заманында "Зауряд хорунжий" шенінде Шөмекей Аспан руына 28 жыл болыс болды
* 1871 жылы Түркістан Генерал-губернаторы бұйрығымен Алтын медальмен, Станислав лентасымен марапатталды
* 1891 жылы Заңғар болысын басқарып, Қазалы Уезі бастығының көмекшісі болды
* Сыр байы халқының отырықшылық өмірге өтуіне жағдай жасап, Қуаңдария бойында Жырақұдық, Тағай, Сарыбұлақ, Атан, Бозан, т.б ондаған құдықтар қаздырған.
Жинақтап, қағаз бетіне түсірген:
Абат Назарбеков.