Кіші жүз Шөмекейдің Аспан руының биі Кедейдің жеті баласының бірі Сәден - батыр болған. Сәден батыр үйлегеннен кейін көп уақыт өтпей, сауытын кимей, арқайын бір тойдан келе жатқанда тосаттан шапқан қалмақтармен соғыста төсіне айбалта тиіп, ауыр жарақат алады. Айбалта тиген жерді киіз күйдіріп басып, қанын тоқтатып, ауылына дейін аман келеді. Ауылына келгеннен кейін көп ұзамай жарақаты жазылмай, қайтыс болады да, жақында ғана үйлеген келіншегі жесір қалады.
Қазақтың ғұрыпы бойынша жесір қалған әйелді әмеңгерлікпен қайнысына, не қайнағасына некелейді. Енді сол кездегі үрдіс пе, әлде жаугершілік заман болған соң ба, (негізі қазақ қайтыс болған кісінің жылдық асы өткен соң некелейтін болған) қайтыс болған күйеуінің қырық күндігі өткен соң, үлкендер күйеуінен жас қалған келінді бір қайнысына некелеуді ойластырады. Ауылдың ақсақалдары келінді некелеуге бір азаматтың ризалығын алып, белгілейді. Қазақ ғұрыпында жесір қалған әйелді басқа кісіге некелеу үшін, жесір қалған әйелдің де ризалығы болу шарт. Ауылдың ақсақалдары келіннің ризашылығын білу үшін, үш-төрт абысынын келін отырған үйге жібереді. Абысындары жас келінге ауылдың ақсақалдарының айтқанын жеткізуге Сәден атамның отауына келген екен дейді. Үйге кірсе, анамыз (Сәден батырдың келіншегі) күйеуінің сауытын киіп, үйдің төрінде қабағы өрт сөндірердей болып, өте қатулы күйде есіктен далаға, көкжиекке қарап, тастүйін болып, үндемей отырса керек. Келген абысындары келінге не айтарын білмей, біраз уақыт үнсіз отырып да ештеңе айтпай, үйден шығып кетеді. Басқа үйде келіннің жауабын күтіп отырған ауыл ақсақалдарына барып, болған жайды түгел жеткізеді. Ол кездің кісісі айтқызбай ұғады ғой, келіннің ерекше әркетіне қарап, болжаған ақсақалдардың бірі;
- Иәә, бұл келін текті атаның тұқымы еді. Тектілігін білдіріп отыр екен. "Сәден жас кетсе де, артында із қалдырып кетті" деп отыр. Келіннің бойында бала бар екен. "Баланы өмірге әкелемін, ерімнің отын өшірмеймін, шаңырағын шайқалтпаймын" деп отыр екен - деген екен. Ауылдың ақсақалдары жас келіннің тапқырлығына, өжеттігіне, еріне деген адалдығына риза болып, басын бос қойып, әмеңгерлік жолмен басқа кісіге некелеуді кейінге қалдырыпты.
Анамыз ай-күні толып, өмірге шекесі торсықтай ұлды өмірге әкеліпті. Ақсақалдар; Сәден ел үшін туған ер еді "елім деп, жерім" деп, жас болса елге тиген жаумен айқасып, ел қорғау жолында шейт кетіп еді. "Сәденнің арты оң болсын, оңғарсын" деп, баланың атын Оңғар қойяды. Аман-сау баланы босанған соң, ауылдың ақсақалдар қайтадан ойласып; "Келінге рақмет. Аллаға шүкір, өзі жас кетсе де, Оңғардың артында шаңыраққа ие болар ұл қалды. Енді бала жетімдік көрмей, қиналмай өсуі үшін, әке орнына әке болар кісіге келінді некелейік. Бала ел болуы керек. Ұлды тәрбиелеп, өсіріп үйлендіру керек, бұл іс жалғыз басты әйелелне ауырлық қылады, қиын болады. Осы кезге дейін ерінің отын өшірмеді, рақмет, енді қайныларының біріне некелейік, Оңғарды әкесінің орнына әке болып тәрбиелеп, өсірсін. Ержеткен соң балаға құда түсіп, қыз айттырып, үйлендірсін" деп ойласыпты. Бұрынғының жолымен анамыздың ризалығын алу үшін, тағы да үш-төрт абысынын келінге жіберген екен дейді. Абысындары үйге кірсе, анамыз тап сол баяғы орнында, төрде отыр екен. Енді үстіне ерінің сауытын киіп қана қоймай, бес қаруын асынып, тастүйін болып, есіктен далағы, көкжиекке қабағы қату күйде түйіле, үнсіз қарап отыр екен. Келген әйелдер тағы да ештеңе айтпай, сұрамай, аз уақыт отырып, үйден шығып кетіпті. Күтіп отырған ауыл ақсақалдарына болған жағдайды, көргендерін түгел айтып барыпты. Ақсақалдар; "Иә, келін сертіне берік екен. Еріне деген адалдығын өмірбойы сақтамақшы болыпты. "Ұлымды өзім тәрбилеп, өзім өсіремін, қиыншылығы болса төземін, ауырпаоығы болса өзім көтеремін, деп отыр екен. Ержеткенде өзім үйлендіремін, өзім ел қыламын" деп отырған келін ғой. Келіннің басына бостандық берейік, баласын тәрбиелеп, өсіруді, үйлендіріп, ел қылуды анасына бердік, ағайындар болып сырттай қамқорлық жасап жүрерміз" деп келісіпті. Сонымен жылдар өтіп, бала ержетіп, отбасын құрар жасқа жетеді. Азамат болған ұлына анамыз "балама төркінімнен қыз алып беремін, нағашы жұртының қызына үйлендіремін" деген оймен төркін жұртына ұлын ертіп, қыдырып барады. Төркіндері қызы мен жиенінің келгеніне қуанып, кезек-кезек үйлеріне қонақ қылып, жақсы күтеді. Төркінінде ай жатады. Ауылдарда ай жатқанда бойжеткен сіңілдеріне, қыздарға қарап, көз салып байқап жүреді. Анамыз еліне қайтарында ауылдың үлкен кісілер анамыздан "төркіндеріңнің қызыметіне ризасың ба, ойыңдағыдай күте алдық па, ал енді төркіндеріңнен не қалайсың?" деп сұраған екен дейді. Анамыз;
- Келгендегі мақсатым, төрікіндеріме деген сағынышымды басу, аман-түгелін білу. Сонымен бірге менің бір қалауым мына жиендеріңіз Оңғарға төркінімнен бір қыз алып беріп, үйлендіру еді,- деген екен, төркінге келгендегі негізгі жұмысын айтып.
Қыз беру оңай шаруа емес, сондықтан анамыздың төркіндері оңаша қалып, ойласса керек. Ойласа келе жас Оңғарға қыздарын бергісі келмейді. Сылтаулары; "Әкесі Сәден батыр еді, ел шетіне жау келсе жай жатпайтын көзсіз ер еді. Елін қоғауда жаумен соғысып, қаза болды. Бұл бала да әкесіне ұқсаған батыр екен. Жанары отты, ештеңеден қорықпайтын ержүрек екен. Біз қызымызды берсек, бұл да әкесіне ұқсап, жауға шауып, мерт болып жатса, қызымыз тағыда жастай жесір қалар" деп, қыз бермеуді ұйғарысыпты.
Сонымен, төркініне келген негізгі жұмысы бітпей, ренжіп, жылап, ауылдан баласын ертіп, кетіп бара жатады. Сол ауылдың шетінде бір үйде біраз әйел әңгімелесіп отырса керек. Сол үйдің ермінезді, атқа шауып, асау үйретіп, құрық салатын қызы атын белдеуге байлап, асыға үйге кіріп келіп:
- Өткеде келген апамыз баласын ертіп, еліне жылап қайтып бара жатыр, ол кісі кімге өкпеледі, төркінінен неге жылап аттанды?- деп сұрапты. Отырған әйелдердің бірі:
- Ол апаң төркінен баласына қыз сұрай келген еді, ауылдағы үлкендер батырдан батыр туады, бұл да әкесіне ұқсап, жауға шауып, мерт болса, бұл қызымыз да тағы жесір қалады, деп, ешкім қызын бермеді. Апайың соған өкпелеп, жылап қайтып бара жатыр. "Қыздың қырық жаны бар" деген, қырық жаннының бір жаны өлді деген осы, шығар,- деген екен. Сол кезде апасының еліне абыройсыз болып барарын білген сіңілсі:
- Апамызға мен келін боламын, баласына жар боламын, - деп, керегенің басында ілулі тұрған жүген-қамшысын алып, белдеуде байлаулы тұрған атына отырып, кетіп бара жатқан кісілердің соңынан жетеді. Қыз:
- Апайым, келген жұмысыңыз орындалады, балаңыз Оңғарға мен тұрмысқа шығамын, адал жар боламын, сізге қолымнан келгенше жақсы қызмет етер келін боламын,- деген екен. Төркіне келіп, баласына қыз айттыра алмай, алдағы елден ұялып, намыстанып келе жатқан анамыз қуана келісіп, сіңілсін ауылына келін етіп түсіріпті.
Сол анамыз, Оңғар атамыздың әйелі атамыздан жеті ұл тапқан екен. Тұңғышын босанарда түс көріпті. Түсін "Жеті ұл табады екенмін, бесеуінің атын өзім қойуым керек екен" деп, өзі жориды. Сонымен тұңғышын босанған соң, түс көргенін енесіне айтады. "Түс көрдім, Алла берсе, күйеуімнен жеті ұл табады екенмін, жеті баланың бесуінің атын өзім қоямын, кейінгілерінің атын үлкендер қояр. Мен көрген түсімді осылай жорыдым" деп, ауылының үлкендеріне енесі арқылы айтқызыпты. Оңғардай балаларына өз еркімен тұрмысқа шыққан, батыр келінінің айтқанын тыңдап, үлкендер анамызға балаларының атын өзі қоюына ұлықсат берген екен. Анамыз өзі тапқан балаларының үлкендерінің бесуінің атын өзі қойған дейді.
Оңғар атамнан:
Жұбан
Қуаң
Ықылас
Кеулімқос
Кәрібай
Сасықбай
Сексенбай атты жеті бала туады. Осы аталарымыз ерлігімен, батырлығымен тарихта, ел ауызында айтылып жүрген батыр кісілер болған. Алтауынан ұрпақ қалған. Осы аталарымыз "Алып анадан" дегендей елдің ауызында батырлығымен, ел қорғау жолында жаулармен күресімен аты шығып "АЛТЫ ОҢҒАР" атанған. Алтауы да ел қорғаған, жерін қорғаған батырлар болған.
Оңғар батырдың үлкені Жұбан батыр - отаршыл Ресейдің және Хиуа мен Қоқан хандықтарының, Бұқара әмірлігінің шапқыншылығына қарсы күрес жүргізген, қол бастаған батыр болған кісі. Жұбан батыр қартайып, жасы 70-тен асқан шағында Кенесары ұлы Сыздық төренің өтінішімен қазіргі Тауелібай жерінде атқа қонып, қол бастап, отарлаушы жаумен соғысқан. Көп соғыстың бірінде Бұқара маңында болған бір шайқаста ауыр жарараланады. Жарақаттан соң елге келіп, сол жарақатынан қайтыс болған. Жұбан батырдың, Қуаң, Ықылас, Кеулімқос, Кәрібай батырлардың, Оңғардың немерелері Берден батыр, Дәулет тб ұрпақтарының ерлік істерін ел аңыз қылып осы күнге дейін айтып отырады.
"Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған" қазақ халқының өткен өмірінде болған, ғибрат алар осындай оқиғалар қаншама. Ел анасы болған, ерінің отын өшірмей, артында қалған ұрпағын дұрыс тәрбие беріп, намысты ер етіп өсірген, ел қорған аталарындай рухты етіп тәрбиелеген аналар қаншама.
Оңдасын Оразов.
( Қайыпнемересі Рзағали Дүйсенұлы інімізден есіткен әңгіме)