Баршаңызға белгілі, біз үшін Ұлы Отан соғысы мәңгілік тарих. Ол біздің батыр да батыл аталарымыздың қанымен жазылған естеліктер. Өйткені олар адам айтса сенгісіз күндерді басынан өткерді. Аш та, жалаңаш та жүріп, қан майдандағы небір сұрапыл оқиғалардың басы-қасында болды. Біздің Құлқұдық ауылынан да бірқанша сарбаздар Отан үшін майданға аттанды.
Осы төрт жыл талай жанды қыршынынан қиды. Ал біздің ауылымыздан аттанған бабаларымыздың көбісі аман-есен оралып, бейбіт күнде өз салаларымен еңбек етіп, жеңістің дәмін татқан болатын. Ал соғыстан оралмай, хабарсыз кеткен қанша жауынгерлеріміздің есімі ауыл орталығындағы Еске алу ескерткішіне мәңгі жазылды. Төрт жыл бойы қарсы келген жауының бетін қайтарып, барлық қиыншылыққа төзе білген сол бір қарттарымыздың бүгін де арамызда ешқайсысы да қалмады.
Елдік мұрат пен ерлік шежіресіне адалдық танытып, осы жолда өмір сапарларын ерте аяқтаған ардақты аталарымызға қандай құрмет көрсетсек те лайықты. 9-мамыр –Еске алу және қастерлеу, Жеңіс күнінде осы ардагер бабаларымыздың жарқын бейнелерін, еткен ұлы ерліктерін еске ала отырып,
«ЖАУЫНГЕРЛЕР ЖАДЫ» атты өлеңді жазып, бейнероликті дайындадым.
Осы роликті дайындауда жақыннан жәрдем берген Оразов Оңдасын, Назарбеков Абат атты ұстаздарыма, батыр бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтарына үлкен алғысымды білдіремін! Ардагерлеріміздің жарқын бейнелері мен ұлы ерлігі мәңгі жүрегімізде сақталады!
АХМЕТОВ ҚАЙРАТ ПЕРДЕБЕКҰЛЫ.
Әкем туралы
Жанымгүл Камалқызы
Жеңіс күні жақындап келіп қалды. Жұртпен бірге мен де қуанамын, жас кезімізден орыс, қазақ жазушыларының соғыс туралы еңбектерін оқып, жырларын жаттап өстік. Кейбір "сатқындар" туралы оқығанымызда соларды жек көріп, қолға түссе атып жіберетіндей болатынбыз. Сол сөздеріміз, әрекеттеріміз әкеміздің жанына тиетінін білмеппін... Әкем 1940 жылы әскер қатарына алынған. Әскерге Қарақалпақ жерінен кеткен. Және жер аударылып барған байдың баласы ретінде тізімде болған. Соғыс басталғанда бірден Ленинградты қорғауға қатысқан. Бірақ совет үкіметіне жау "сенімсіз" элемент ретінде жасақталған бөлімде болғандықтан ба екен, он адамға бір қару берілген екен. Яғни, жас азаматтарды қаруланған жауға қарсы құр қол айдап салған. Қолдарында қарулары бар әскер арттарынан бұларды бақылап тұрған. Егер кейін шегінсе, атып тастаған. Елестетсем, жүрегім түршігеді. Сөз жүзінде ең гумандық үкімет болып құлаққа құйылған коммунистік жүйенің соншалықты жауыздығын немен салыстыруды білмейсің. Қарусыз жастарды қуырдақ қып турауға, қарулы орыс әскерінің алдына салып айдаған. Қолдарында қару жоқ, жаяу жас жігіттерді оп-оңай қоршап алып, тұтқынға түсірген. Сталиннің: - Бізде тұтқын жоқ, сатқын бар,- деген сөзі белгілі. Халықаралық соғыс заңы бойынша, әр мемлекет басқа елге тұтқынға түскен өз азаматтарына қамқорлық жасауға міндетті. Шала сауат коммунист Сталин бұндай адами заңдылықтан бас тартқан. Бір жағы түрік тектес ұлттардан соғысты сылтау қылып құтылғысы келген. Оған дәлел Мәскеуді, Ленинградты қорғауға Қазақстаннан, Өзбекстаннан жасақталған әскерді төккендігі.Тарихшылардың айтуынша, грузин әскерін соғысқа тек 1943 жылдан кейін ғана қосқан екен. Тұтқында көрген азабы өзіне, бір Аллаға ғана аян. Біз әкеміздің бұл тағдырын білмей өстік. Тек анамыз екеуі дастархан басында әңгімелесіп отырғанда, әскерден келгеннен кейін жүмыс бермеді деп, бір кісіні айтып отыратын. "Жолымның баласының жүрісін қара деп әкемді білетіндер күлмесін деп, Түрікменстан асып кеттік қой,- деп отыратын. Үлкен үш перзенті: әпкем- Назым, ағам- Садуақас, мен үшеуміздің құжаттарымызда туған жеріміз - Түрікменстан. Тек қаза боларынан екі күн бұрын, 1991 жылы жиналған туыстарға тұтқында болғанын айтқан екен. " Мен армансызбын, соғыстан елге аман келермін деп ойламағанмын. Тұтқында сыртымыздан темір тормен қоршап, ешбір адам тіршілік етерлік мүмкіндік жоқ жерде ұстады. Өлмес үшін қолымызбен жерді қазып, ін жасап алдық. Бит басып кетті. Кейбір жігіттер шыдамай жынданып кетті... Анамды бір көрсем деп қана армандайтынмын. Алла елге келуді, перзент сүйіп, ел қатарлы өмір сүруді бұйыртты, разымын,- депті. Оның аржағында айтылмай қалған қанша қасірет бар десеңші... Бұны естіген соң осындай оқиғалар жазылған шығармаларды қайта оқып шықтым. Тахауи Ахтановтың "Боран" романын қайта оқыдым. Қоспан қойшының жан жарасын оқып, өз әкемнің өмір бойы жүрегін мүжіп кеміріп жатқан өкініштің қаншалықты ауыр болғанын түсіндім. Көзімнің жасын бұршақтатып отырып, оңаша өксіп отырып оқыдым. Бұл туралы мақала да жаздым... "Екі күймек бір жанға әділет пе? Қаны қара бір жанмын, жаны жара",- дейді ғой Абай. Ал менің әкем неше рет күйген жан екен. Кәмпескенің кесірінен әкесінің жүрегі ұстап қайтыс болып, жастай жетім қалады. Бір ме? Жетім бала, жесір әйелдің бар малын, дүниесін тартып алып, өздерін жер аударып жіберді. Екі ме? Сегіз жасар баланы бай баласы деп мектепке оқуға қабылдамайды. Үш пе? Соғыста қару бермей сенімсіздер қатарында, құр қол отқа айдайды. Төрт пе? Елге келгенде сенімсіз ретінде жұмыс бермейді. Бес пе? "Сонша ауырлықты көтерген, бәріне төтеп берген қандай күш екен?"- деп өзім таңданамын. Сонда да жүрегіндегі мейірімді өшірмеген, мінезіндегі өрлікті кемітпеген, өмірді сонша сүйген не деген қайрат?.. Әкем туралы көп айтуыма болады.02 май 2020 жыл
09 май 2020 жыл
МАЙДАНГЕР - ҰСТАЗ
ОРАЗҰЛЫ ӘБСАТҚАР - әкем Пайызұлламен бірге туысқан ағасы. Біздің әулет ол кісіні ТӘТЕ деп атайтын. (біздің елде ер кісіні тәте деп атайды) Әбсатқар атамның әкесі Терекұлы Оразалы - ағайын арасында сөзі өтімді би болған, ескіден білгені көп, заманына сай білімді болған кісі, Ораз атам - Тауелібай жұртына белгілі Момын әулиенің
баласы қожа Әбілтай ишанның туған жиені.
Міне, осындай текті аталардың ұрпағы Әбсатқар атам да бойына біткен асыл қасиетімен ел қорғауда ерен ерліктер жасап, ер атанды. Туып өскен жері Тауелібай жерінің бұрынғы Тамды, кейінгі Үшқұдық ауданы Құлқұдық ауылы жері.
Нағашы атасы кіші жүз, орта жүз руларына танымал - Жұматай палуан.
Тауелібай жерінде Тамды ауданынан 500 бала бір күнде соғысқа аттанғанын жұрт жақсы біледі, атамыз да осы жігіттермен соғысқа аттанған. Соғысқа бір үйден туған ағасы Әбдіхалықтың ұлы Әбдіқұл атамыз екеуі аттаныпты. Әбдіқұл атамыз хабар-ошарсыз кеткен.
Соғыс туралы, соғыста көрген қиыншылықтарын көп айта бермейтін. Соғыс туралы киноны көріп; - Әй, соғыста мұндай жайпарақатшылық қайда, аспан айналап жерге түскендей, айналаң тегіс жарылыс, шаң-тозаң, бірін-бірі көру деген өте қиын еді, деп әңгіме етуші еді.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Ұлы Отан Соғысы 1-ші, 2-ші дәрежелі ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Бір аяғынан айырлып, денесі мен қолдарынан түрлі жарақат алған. Елге оралған соң 40 жылдай мектепте мұғалім болып, шәкірттеріне білім беріп, тәлім-тәрбие берді. Алтын Алқалы әжеміз Ұлманмен бірге 11 бала тәрбиелеп, өсірді.
Соғыста болған оқиғаларды аса көп айта бермейтін, бірақ, біз сұрап қоймаған кезде аздап еске алып айтып беретін.
Соғысқа 1942 жылы аттандық, түрлі дайындықтан өтіп 1943 жылы Курскі түбінде соғысқа араластық, майдан қолбасшысы маршал Рокоссовский еді, деп айтып отыратын. Менің дені бітімім ірі болғандықтан пулеметші етіп алды, сегіз ай соғысып, жауға максим пулеметінен оқ жаудырдым, аяғымның ақысын фашистерге жібергенім жоқ, деуші еді. Бір күні үйде отырып, өзінен-өзі қамығып, көзіне жас ала айтып берген әңгімесі әлі есімде.
- Үлкен өзеннен өту үшін жан беріп, жан алып, қиян кескі арпалыс болып жатыр, немістерде өзен жағасындағы шептерін бермеу үшін жан аямай соғысуда. Көпшілігі біздің елден, Тауелібай жерінен келген жігіттерден құралған біздің бөлім ерекше ерлік көрсетіп, өзеннен салмен, қайықпен өтіп, жау шебін басып алдық. Айырылған шебін қайтарып алу үшін немістер бар күшін біздің бөлімге салды, басқа бөлімдер өзеннен өте алмай қалған. Аспаннан бомбалап, зеңбіректерден атқылап, күшімізді әлсіретті, сөйтіп, бізден саны әлденеше көп жау солдаттары шабуылға шықты. Жауға төтеп бере алмасымызды сезген командир шегінуге бұйрық берді. Ешқайсымыз жауға берілмейміз, шегіне жүріп, қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз, деп бұйырған командир сөзін басшылыққа алған солдаттар аянбай шайқасып, шегіне бердік, өзенге жақындағанда бүкіл солдаттар жау қолына түспейміз, деп суға қойып кетіп жатты, мен де көппен бірге жүзуді білмесемде өзімді өзенге тастадым. Біздің елден келген жігіттердің түгелі суға жүзуді білмейтін, мына көрші ауылдың жігіттері жүзу білмегендіктен сол суға ағып кетті, жау қолына түсуді ар санаған батыл да намысқой жігіттер еді, қайран азаматтар сөйтіп, шейт болды біраз жігіттер,- деп, үнсіз мұңая майдандас достарын бір сәт еске алып, толқып алды. - Алланың маған бұйыртқан өмірі бар екен, мені екі орыс жігіті кезектесіп демеп, қарсы жағаға алып шықты, сөйтіп мен аман қалдым. Тамды жағынан, Жданов колхозынан барған біраз жігіт солай суға кетіп, қаза тапты,- деп, атам майдандас достарын көздеріне жас үйіріліп, мұңая еске алған еді.
Бір айта кететін әңгіме атам Жеңістің 50 жылдығын көріп, 1995 жылы мамырдың соңында қайтыс болды. Енді жерлеуге алып шығып, митингі өтіп жатқанда ауыл почтасы қызметкері сонау Ресей жерінен сол елді азат етуге қатысқан село пионерлерінен жеңістің 50 жылдығымен құттықтаған хатын әкелді. (почта қатынасының салғырттығынан кешігіп қалған) Атамды жерлеуге арналған митингте ел алдында хатты ауылдың басшыларының бірі Қаламбек Абдіжанұлы оқып берді.
Атамыз соғыс ардагері Әбсатқар Оразұлының бейнесі - ел басына күн туғанда Отан қорғау жолында қолына қару алып, аянбай соғысқан, бейбіт күнде өзінің биік ақыл-парасатымен, ақ көңіл, адал ниетімен, атқарған адал еңбегімен, бізге үйреткен тәлім-тәрбиесімен, өнегелі ісімен елдің де, біздің де жадымыз мәңгі сақталады.
О.Оразов
СЕРТІНЕ БЕРІК САРБАЗ
Бұл фотодағы кісі Тауелібай жері Үшқұдық ауданы ( бұрынғы Тамды) Құлқұдық ауылы тумасы - Масут (Мақсұт) Тойлыбайұлы. Кешегі сұрапыл соғысқа қатысып, соғыстың небір қиыншылығын басынан кешірген жан. Масут аға әкесі, аталары елге сыйлы кісілер болған екен, нағашы атасы жауырны жерге тимеген, әлім-шөменге танымал атақты Тәлімбай палуан.
Масут ағаның бір мінезі еш уақытта ашулануды білмейтін кісі болды, ауылдың үлкені де, кішісі де әзілдесіп жүре беретін. Кейде көңілге тиетіндей әзіл айтылса да қабақ шытпайтын. Шектен шығып бара жатса жәй ғана "әй, пәдәріңәнәлет," немес "тұқымың жайылғыр" - деп, күлкіге жеңдіріп, ренжігенін білдірмейтін.
Бір күні;
-Масут аға, сізбен әзілі бар да, әзілі жоқ кісі де қалжыңдаса береді, кейбіреулері көңіліңізге тиіп жатады, бір ашулануды, не ренжуді білмейсіз, сыры не? - деп сұрадым.
Ол кісі аз уақыт ойға батып, күрсіне жауап берді;
- Иә, балалар, біздің көргенімізді, басымыздан өткергенімізді болашақ ұрпақтың басына бермесін, ел аман, жұрт тыныш болсын, - деп, ауыр тыныстап алып.
- Тамдыдан 500 бала соғысқа аттандық, елден 350 шақырымдай жердегі Кермене стансасында бізді бір ай, тынықтырып, оқу-жаттығу өткізді. Сол уақытта ауылдағы кісілер біздің әлі соғысқа кетпегенімізді , Керменеде жатқанымызды есітіпті. Әкем анамның берген кішкене сәлемдеме қалтасын алып, бізді көріп қалуға түйемен жолға шығады. Бізді бір айдан соң машиналарға отырғызып, аттандырып жатқан, машина енді қозғалып, жүріп бара жатқанда, отырған жігіттер;
-Масут, әкең келе жатыр, - деген соң орнымнан тұрып қарасам, түйемен әкем машина соңынан қолындағы қалтасын ұсынып, желіп келеді екен, мен де борттың үстінен қолымды созып;
-ӘКЕ, ӘКЕ, деп айқайлап ұмтылдым, екі рет қолым әкемнің қолына тиіп, бірақ, қалтаны ала алмадым. Машина қатты жүріп кетті.
-МАСУТІМ, БАЛАМ, ЖАН БАЛАМММ, - деп, әкем еңірей жылап, айқайлап қала берді. Әкемнің бейнесі ұзақтан қарауытып, бірте-бірте алыстай берді, көзім жасқа толып, біз ұзай бердік. Әкемді соңғы көруім екен, сол түйе үстіндегі қол соза ұмтылған бейнесі өмір бойы көз алдымнан кетпейді. Сол кез әкемді ақырғы рет көруім екен, мен соғыстан елге аман-есен келсем, әкем қайтыс болыпты.
Содан соғысқа аттанып кеттік, соғыстың аты соғыс, көрген қиыншылықты мен айтпай ақ өздерің білесіңдер. Талай қырғынды бастан өткердік, талай боздақтар көз алдымызда шейт боп кетті. Ол кезді еске алудың өзі біз үшін тым ауыр ғой. Бір тапсырманы орындап келе жатып, қасымдағы солдаттармен бірге мина түсіп қалдық, екі солдат қана тірі қалыппыз, немістер тірі қалғандарды жинап, тұтқындап алып жатты. Мен де жараланып қалғанмын, сөйтіп тұтқынға түстік. Тұтқындағы өмірді ойласам, аза бойым, қаза болады, адам баласының басына бермесін, қарын аш, жаралы, қит етсең жейтінің таяқ, болмаса атып астайды. Адамды қинаудың неше түрін көрдік қой, сондай қиындықты, азапты, қинауларды көргенде ойыңа тек ата-анаң бауырларың және ауылыңның бауырмал, қамқор кісілері ойыңа оралады екен. Осындай бір қатты қинаулардан кейін; "ТУУ, біздің ауылдың адамдарынан артық адам бар ма екен, біздің ауылдың кісілеріндей мейрімді жандар бар ма екен, біздің ауылдың адамдарындай қамқор, кеңпейіл жұрт бар ма екен,-" деп қатты қамығып, елді еске алып, АЛЛАҒА сиынып, өзіме-өзім серт бердім.
- Уа, Алла, осы қияметтен аман-сау елге оралсам, ауылдың бір адамының көңілін қалдырмаймын, бір кісінің бетіне жел боп тимеймін, қолымнан келгенше көмек қажет кісіге жәрдемімді беремін, Уа, Алла, Алла, Алла,- деп, тілек тілеп, жаратушының алдында ант еткем.
Алла сәтін салып, қасымдағы орыс жігіттің ұсынысымен тұтқыннан қаштық, орман ішімен үш күн, үш түн еңбектеп жасырнып, қашып шықтық. Сөйтіп, өзіміздің әскерлерге қосылдық. Кейін құжаттарымды іздестіріп, әскери бөлімдерім анықталып, қайтадан соғысқа қатыстым. Соғысты жеңіспен аяқтап елге оралдық Құдайға шүкір, үйлендім, балалы-шағалы болдым, немере сүйдім. Ал, қолымнан келгенше сол берген сертімде тұруға тырысып келемін,- деп сөзін аяқтады, ауыр күрсіне, Масут аға.
Оңдасын Оразов