МЕКТЕП ТАРИХЫ
Құлқұдық ауылындағы орта мектеп

Ұстаздардың кәсіби мерекесі жақындап қалыпты. Мен және менің бауырларым білім алған Тауелібай еліндегі ( Өзбекстан, Бұхара, Науайы обл. Тамды, Үшқұдық ауданындағы) Абай атындағы қазақ орта мектебі биылғы оқу жылында сексенінші рет алғашқы қоңырауын соққан екен. Яғни қанатымызды қатайтқан, алғашқы білім берген ұямыздың биыл сексен жылдық мерей тойы! Балалық бал дәурен, алаңсыз, қамсыз күндер өткен аядай ауыл, ұядай жылы мекен көзге елестейтіндей...

Сол мектепте сабақ берген ұстаздар, айтқан тәлімді әңгімелері, өткізген түрлі іс- шаралары кешегідей көзалдымда. Сол бір қарапайым тұрмыс кешкен, білім беріп қана қоймай ауылдың зиялылары ретінде құрметке бөленген ғазиз жандарға басымды иіп, алғыс білдіремін.

Бастауыш сыныпта 1-4 сыныпта Тұрақбаева Гүлзада апай оқытты. Ол кездері талдырмаш, сымбатты, жарасымды, сәнді киім киіп, қызғыш, сарғыш, көгілдір жұқа орамалын тартып жүретін әдемі қалпында елестейді, сол қалпы жадымда сақталып қалды. Апайдың үйреткен ережелері, әдеби мәтіндерді мазмұндатып, талдататыны, сол қалпы есте сақталып қалған. Институтта сол ережелерді білмейтін, оқығанын айтып бере алмайтын құрбыларыма таңданатынмын. Апайға іштей алғыс айтатынмын. Көбейту таблицасын, қазақ тілінен ережелерді жаттай алмағандарды түстен кейін шақырып жаттатын еді. Сыныпта жүргізып оқи алмайтын бала болмайтын. Төртінші сыныптың соңғы күндерінде Қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ беретін Сақи ағай, математикадан сабақ беретін Айтмұрат ағай келіп, бірі кітапты оқытып, бірі таблица сұрап білімімізді тексергені есімде. Бастауыш сынып дәрежесіндегі толық білімді меңгерген екенбіз. Осындай талаппен оқытқан ұстаздарға қалай бас имейсің? Кейін университетте сабақ беріп жүргенде жүргізып оқудан бастауыш сынып нормативін орындай алмайтын студенттерді кездестірдім. Бастауыш сыныпта мұғалімі обалына қалған екен деген ойда қалдым. Бастауыш сыныптарға Әбсаттар ағай, Ынтызар апай, Тоқбике апай, Гүлімхан апайлар сабақ беретін. Қанша жастың жүрегіне нұр құйған қадырлі жандардың жандары Жәннатта болсын.

Бесінші сыныпта клас жетекшіміз Сақи ағай Әбдікәрімов болды, Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Бәріміз жақсы көретінбіз. Осы пәннен Шүкірбай Ақназаров,, Нағашыбай Каленов, Ешмұрат Есқабылав ағайлар да сабақ берді. Бәрінің де өз пәндеріне деген құрметі, алдындағы шәкірттеріне үйреніп алса деген таза ниеттері бар еді.

Математикадан Айтмұрат Адаев ағай, Тарих пен Қоғамтанудан Жолдас Нұрмұратов ағай мен Әбдіқошта Дәулетов ағайлар, Биология пәнінен Ерімбет Мұратов ағай, Химия пәнінен Мырзабек Мұратов ағай, География пәнінен Досмұрат Жақсымұратов ағай, денешынықтыру пәнінен Мәжен Кеубасов ағай, Физика пәнінен Дүйсебай Жұмабеков ағай, Астрономия пәнінен Жетпісбай Сүлейменов, ән күй сабағынан Пайыз (Файзулла) Оразов ағайлар сабақ берді. Оныншы сыныптың басында орыс тілі мен әдебиетінен институтты бітіріп келген Молдабек Сейтназаров ағай екі айдай сабақ берді. Сосын әскерге кетіп қалды.

Жетінші сыныптан оныншы сыныпты бітіргенше Қолдас Байзахов ағай сынып жетекшіміз болды.

Шәрігүл апай, Райхан апай, Рыскүл апайлар қыздар тәрбиесіне жауапты болды ма, үнемі қыздар жиналысын өткізіп түрлі ғибратты әңгімелер айтып тұратын. Жеке гигиена, киім сәні, қыз әдебі, т.б. туралы арнайы дәрістер өткізетін.

Бір айта кететін мәселе - мұғалімдеріміздің көпшілігы жоғары білімді және күндізгі бөлімде оқыған екен. Бізге сабақ бермеген де біраз жоғары білімді мұғалімдер болды. Зиядин Жолымов, Жамбыл Қожаназаров, Назарша Бейсенов, т.б. Біздің ұстаздарымыз жастарға үлгі, ауылға сән берерліктей тұлғалар еді.

Келе жатқан ұстаздар мерекесімен өзім оқыған Абай атындағы мектеп ұжымын құттықтаймын. Әлемдегі ең ізгі мамандық иелеріне денсаулық, отбасылық бақыт, шығармашылық табыс тілеймін. Алдыңғы толқын қалдырған жақсы дәстүрді абыроймен жалғастыратындарына сенемін.

Өзімді оқытқан ұстаздарыма иіліп тағзым етемін, Барына денсаулық, о дүниелік болғандарына Алладан рахым тілеймін.

Ұстаздарымыздың біздер үшін төккен тері, еткен еңбектері ұшан теңіз. Оларды үнемі мақтан етемін, мен көрген біраз мектептерге қарағанда білім беру сапасы әлдеқайда жоғары болғандығын атап айтқым келеді.

Біз 1960-70 жылдары оқыған түлектеріміз. 48 оқушы, 28 ұл, 20 қыз бітірдік. Жоғарғы оқу орындарын, техникум, училищелерді бітіріп, бәрі түрлі салада қызмет етті. Қазір зейнеткерлер. Сыныптастарымды да мектебіміздің сексен жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

Жанымгүл Камалқызы

28 сентябрь 2021 жыл

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ


Өзбекстан Респуликасы Құлқұдық ауылында Абай атындағы мектеп алдындағы АБАЙ ескерткіші.

Абайдың ескерткішін ауылдың қарапайым ғана азаматы өнерлі азамат, ұста марқұм Темірхан Уайсұлы Керімбаев осы ғасырдың басында өз фантазиясымен жасап шығып, мектеп алдына тұғырға орнатқан еді.

Өзінің шебер ұсташылық өнерімен елге қызмет еткен Темірхан сыныптасымды бүгін "Абай күніне" орай Абай ескерткішін жасаған өлшеусіз еңбегін, өшпес өнерін бағалап еске алып отырмыз.

Оңдасын Оразов.