Шүкірбай Ақназарұлы
Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ
Ақын, Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі
"ҚҰЛҚҰДЫҚ ЖАЙЛЫ БІР ӘН"
Тауелібай - қойнауы құтқа, белдеуі берекеге толы қасиетті жер. Сол киелі өңірде қоныстанған халқымыз өзінің салт-дәстүрін, байтақ өнерін, ұлттық мәдени асыл мұраларын жоғалтпай, бабадан балаға аманаттап отырған. Қыдыр кезген Қызылқұм даласы қашанда дарқан дарын, ерекше таланттарға да бай. Жалынды жыршылар, арынды ақындар мен дарынды әншілер шыққан осынау қасиетті жеріміздің тарихтан сыр шертер құдіреттілігі де сонда жатыр. Шығысында қасиетті Ерлер-Ата әулие жатқан біздің Құлқұдық топырағынан да көптеген танымал тұлғалар, халық қалаулылары шыққан. Ауылымызға деген шексіз махаббаттан туған "ҚҰЛҚҰДЫҚ" әні жерлестеріміздің бойтұмар әні іспеттес. Әннің сөзін Тауелібай жұртының танымал ақыны, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ақсақалымыз -ШҮКІРБАЙ АҚНАЗАРҰЛЫ жазған. Ақынның "Ата өсиеті", "Тау елі", "Жырлайды жүрек" атты кітаптары жарық көрген.
Әннің музыкасын жазған сырлы сазгер, керемет күйші - СЕНБІ НҰРАЛЫҰЛЫ АЙТБЕНБЕТОВ. 1950 жылы 29 наурызда Құлқұдық ауылында туылған. Ауданымызда бірқанша өнерлі жастардың басын қосып, домбыра тартуды үйреткен ұлағатты ұстаз. "Алтынтау әуендері" ансамблінің көркемдік жетекшісі, "Современник" мәдениет сарайының қызметкерлері лауазымдарында қызмет атқарған.
Қазақтың киелі домбырасын шебер тартумен бірге мандолина, гитара, қылқобыз (атасының қылқобызы болатын), баян аспаптарын да меңгерген ерекше өнер иесі. Мәдениет, өнер саласында қарымды қызметтер атқарған сазгердің "Солдат сағынышы",
"Ұстазым", "Тағдырымсың", "Туған жер", "Тамдым-әнім", "Жыр ата" атты әндерімен бірге, "Мезгілсіз көш", "Жоғалған керуен" сияқты күйлері де бар. Шебер домбырашы 2011 жылы 2 наурызда дүниеден озды. Осы бір "ҚҰЛҚҰДЫҚ" әнін ел арасында дәріптеп айтып жүру - бүгінгі ұрпақ біздің міндетіміз.Қос тұлғаның бірлесе жазған осы бір шығармасын біз де орындап көрдік. Баянмен сүйемелдеуші: Батрашов Ертай ағам.
АХМЕТОВ ҚАЙРАТ ПЕРДЕБЕКҰЛЫ.
МЕНІҢ НАҒАШЫМ
Кімде кім оңбаған деген атты естігісі келмесе, ондай адам, жазушы бола алмайды, деп Эмиль Золя айтқандай нағашым туралы жазбағандығымнан көп азаматтардан ескертулер алдым. Тіпті үлкен кісілерден (аттарын атамай-ақ қояйын) кейістік те есіттім. Амал не сәті түспегесін осы күнге дейін жаза алмай жүрдім. Бүгін бір жасы үлкен ақсақалға жолығып едім -«Сенің нағашың елі сыйлаған құрметті адам еді, «жігіттің жақсы болмағы нағашыдан, үйдің жақсы болмағы ағашынан» деген бұрынғылар, өзің нағашыңа тартқан екенсің ғой – деді. Қарияның сөзі шабан атқа қамшы тигендей болды. «Өзі қашайын деген қоян еді, артына таяқ тигесін қалай зымырамасын» дегендей, нағашым туралы естігендерім мен көргендерім ойыма көз аурудай сап ете қалды.
Менің нағашым Бозғұлдың Жолай аталығынан. Жолайдың он екі баласының бірі Еншібайдан. Еншібайдан – Досеке, Досекеден – Достан, Достаннан – Дабыл Әбдірашит, Әмір. Менің шешем Хандарша Дабылдың қызы. Сонда нағашым Дабыл Достанұлы.
Нағашым Дабыл туралы ең алғашқы әңгімені бала кезімде өз атам Қожамжардан есіттім. – Сенің нағашың Дабыл туарда әкесі Достан түс көріпті. Түсінде қолына дабыл ұстап жүр екен. Содан перзентті болып атын Дабыл қойған. Дабыл деген сөз елді бірлікке, ұйымшылдыққа шақыратын аспап болған. Нағашың атына сай ел бірлігін сақтаған азаматтардың бірі болды. Шүкірім, нағашыңа тартсаң сен де осал жігіт болмассың – деп отыратын.
Дабыл атамның атына сайлығы он жеті, он сегіз жастар шамасында Ғыждуаннан базарға барып келе жатқанда білініпті. Бір базаршының жүк артып келе жатқан түйесі жарамай жатып қалыпты. Өтіп бара жатқан жолаушы базаршыларға қанша жалынса да тоқтамай кете беріпті.
- Артта Дабыл келе жатыр. Мүмкін сол жүгіңді артар – деп өте беріпті.
Бір кезде көлігі арып, өзі жолда қалып мұңайып отырған азаматтың қасына Дабыл атам келіп жетіпті. Жолаушы жігіт өзінің мұңын шағыпты: - «Тәйірі нар жолында жүк қалама», -деп әлгі адамның бір түйе жүгін өзінің жүк артып келе жатқан нарының үстіне қоса артып, - «шу, жануар нар болған сенің сорың, Дабыл болған менің сорым», - дегенде нар орнынан ұшып тұрыпты. Сол жүкті жолаушы жігіттің ауылына дейін жеткеріп беріпті. Осыдан бастап Дабыл айтты деген сөздер ел ішіне ажырықтай жайыла беріпті.
Жолай аталығынан Кетебай, Өтетілеу , Піралі, Аман, Алмас сияқты батырлар мен билердің шыққаны тарихтан белгілі. Олар туралы да ел ауызында аңыз әңгімелер көп. – Болат пышақ қын түбінде жатпайды, - дегендей олар туралы да талай әңгімелер жазылар.
Мен нағашым туралы тағы бір әңгімені айтып берейін. Үшқұдық ауданында «Жүзқұдық» шіркеті мен «Алтынтау» шіркеті шекаралас. Ауылы аралас, қойы қоралас отырады. Соғыс жылдарындағы ауыр кез. Ол кезде «Жүзқұдық» шіркеті – Каганович колхозы деп, «Алтынтау» шіркеті – «1-Май», «Октябрь» колхоздары аталған. Дәкең жол түсіп «Октябрь» колхозының жылқышылары: Нұржау, Қаржау Көркембаевтардың ауылына келеді. Келсе шиеттей бала-шаға аш отыр екен. – Бұл отырыстан аштан өлесіндер ғой. Неге басқармаға барып , жолықпайсыңдар, - десе. – Ойбай ! Нормамызды ішіп қойғанбыз, барғанымызбен ешнәрсе бермейді, - депті.
-Тәуекел маған еріп жүр. Мына отырыста қырыласыңдар ғой, - деп қасына Нұржау ақсақалды ертіп «Октябрь» колхозының сол жылдардағы басқармасы Сүлеймен Ахметовтың алдына барыпты.Аман – саулық сұрасқаннан кейін жаймен астарлап жылқышылар ауылындағы жағдайды айта келіп, оларға азық-түлік, шай-қанттан жәрдем берсеңіз деп өтініпті.
- Басқармалығымды сұрасаңыз сұраңыз да азық-түлік сұрамаңыз, - депті Сөкең.
- Ендеше басқармалығыңды бер – депті Дәкең. – Бердім ,-деп Сөкең Дәкеңді орнына отырғызыпты.
Ол кездің адамдары сөзінде тұрған ғой.
- Бұл кісі енді қайтер екен,-деп Сөкең ойланып отырғанда. – Енді өзіме хатшы сайлап алуым керек, сен маған хатшы боласың,- дегенде – Дәке мен сіді сынайын деп едім. «Қысқа жіп байлауға келсе де, күрмеуге келмейді» дегендей жоқшылықтың салдары ғой. Болмаса өзімде осылардың ашығып отырғанын біліп отырмын. Сіз Дабыл болғасын алмай қоясыз ба, мен Сүлеймен болғасын бермей қаламын ба – деп Нұржау ақсақалға ұнға, шай-қантқа (склад) қоймадан ал деп қағаз жазып беріпті. – Нұреке, енді тездетіп ауылыңызға жетіңіз, балалар үздігіп кетпесін,- деп Нұржау ақсақалды шығарып салыпты.
- Мен саған тектінің ұрпағы болғасын сеніп келіп едім. Тегіңе тартқан екенсің. Енді басқармалығың өзіңе. Кәсібіңнен береке тап. Барлық ісіңді Алла оңғарсын – деп орнынан тұра бергенде. – Енді үйге жүріп, сыбағаңызды жеп кетіңіз. Сіз мені ақылмен жеңдіңіз, мен хатшылығыңызға көндім, - деп үйіне апарып сыйлап жіберген екен.
Құлқұдықта Жүзжасаров Әбубәкір ақсақалдың үйі біздің үйдің қасына келіп қонды. Ол кезде кішкене ғана қараша үй еді. Бұл кісінің де руы Жолай. Мені әуелі құдай шығар, екінші Дабыл ақсақал ажалдан алып қалды –деп бастады Әбекең. Осыдан он шақты жыл бұрын бір шопанның ауылына көмекке барып жүріп қатты ауырдым. Ол кезде дәрігер қайда. Есіріп ауырдым. Жаным көзіме көрінгендей болды. Бір қара албасты басқандай не сөйлей алмаймын, не тұра алмаймын. Бір есімді жиғанда Дәкеңді шақыртыңдар деппін. Әлгі шопан Дәкеңді алдырыпты. Есіктен кіріп келген Дәкең: -Әй, Әбубәкір! Тұр орныңнан! Бұл не жатысың, - деген дауысы құлағыма естілгенде үстімнен бір қара құс ұшып кеткендей болды. Орнымнан қалай қарғып тұрғанымды өзім де білмей қалдым. – Бәсе, осылай болу керек. Енді саған бұндай ауру жоламайды. Перінің салқыны түскен екен. Қара құс ұшып кетті. Енді жақсылап тамақтан да, жұмысыңды істей бер, - деді.Содан құлан таза жазылып кеттім. Жарықтық Дәкең қасиетті де, әулие адам ғой – деп әңгімесін аяқтады. Әбекең де әбден қартайып, немерелі, шөберелі болып дүниеден өтті.
-------ІІ------
Енді өзім көзіммен көріп, құлағыммен Дабыл нағашым айтқан әңгімені баяндайын. Менің 6-шы сыныпқа өткен жылым. Жайдары жаздың жайма шуақ күндерінің бірі. Біздің ауыл Қырбохан құдығын жайлайтын. Қырбоханның шығыс жағындағы биік төбеден бір топ атты келе жатты.
– Мына келе жатқан Дабылдар болды ғой. Қыдырып барамыз деп еді. Дайындала беріңдер деп тапсырды баласы мен келіндеріне. Алдарынан шығып, қонақтарды күтіп алып, аттарын жайладық. Он атылы екен. Өңшең шалдар болғасын аттары да шетінен жуас көрінді. Қонақтар үйге кірісімен сары самаурын қоса кірді. Әбден шайға қанып болғаннан кейін – аттарды суарып, балаларға жіберт- деді Дабыл атам атқосшысы Махмұт ағама. Кейін білдім Мәкең сол кезде мал дәрігері болып істейді екен. Біз өзім қатарлы бала Әйменов Аманбай екеуміз ат жіберуге кеттік.
Жолда бара жатып аттармен жарысайық деп келістік. Қалған аттарды байлап қойып, екі атпен кезек-кезек жарыстық. Енді соңғы екі атқа кезек келгенде төбеге шыққан Серікбаев Махмут ағам атпен жарысып жүргенімізді көріп қойып, біздерге қарай жүгірді. Мен ауылға қарай қаштым, Аманбай биік төбеге шығып кетіп құтылыпты. Ештеңе болмағандай атамның арқа жағына барып отырдым. Бір кезде есіктен ентіге басып Махмұт ағам кірді. Ашуы бетіне шығып, қарауытып кеткен екен. Оны байқаған Дабыл атам, - Махмұтжан не боп қалды, - деді. – Жаңа төбеге шықсам екі бала аттармен кезек-кезек жарысып жүр. Мен бармағанымда іштерін кептіретін түрлері бар,- деді ашуға булығып тұрып. – Ой, айналайын-ай, мен сені колхоздың белсенді азаматы деп жүрсем, әлі баладай екенсің ғой. Біз құдайдан атқа шабатын бала тіледік емес пе. Көп болса аттар бір терлеген шығар. Одан ештеңе бола қоймас. Ентігіңді бас. Балалардың амандығын тілейік. Ертең-ақ бұлар да сендей азамат болады. Сенің атқосшың осылар болады. Амандық болса көресің. Енді отырып мына ақсақалдардың әңгімесін тыңда, - деді. Махмут ағам сабасына түсті. Мен таяқтан құтылғанымызға қуанып қалдым. «Жақсыдан - шарапат» деген сөз осындай екен-ау дедім ішімнен.
Осы әңгімені қасиетті Рамазан айының сәтті бір күнінде жазып отырмын. Сол келген қонақтардың ішінде есімде қалғаны Жүзжасар, Бекжасар, Сарбала (барлығы да Жолай руынан) Ақын (Төлеңгіт руынан) ақсақалдар. Солардың рухтары риза болсын, кейінгі ұрпақ бабаларының өсиет сөздерін естерінде сақтасын. Олардың бірлігінен, сыйластығынан өнеге алсын деп шағын әңгімемді аяқтадым.
Шүкірбай Ақназарұлы